67
Тұраштың түсі
Көктем күні мың құбылды. Батыстан баяу тұрған жел екпінін күшейтті. Аспан төрін қазбауыр бұлттар торлап, жер бетінде құйын жүріп, шаң борай бастады. Табиғаттың ерке мінезінің еркі өзінде. Әдепкіде сіркіреген ақ жауын қас-қағым сәтте тасыр-тұсыр нөсерге ұласты.
Тұраш алдындағы ауыл тұрғындарының кой-ешкі отарының бетін ауылға бұрды. Абырой болғанда ыққа қарай жүретін болды. Жер лезде лайсаңға айналды. Астындағы қартаң көк есек батпақтап, митыңдап жүрісі өнер емес.
Малдың алды көшеге кірді. Теңізге түсіп кеткендей Тұраштың үсті-басы малмандай су болды. Безгек тигендей дірілдеп жаураған отағасын жары мен үлкен ұлы есектен аударып алды. Киімін ауыстырып, жылы пеш түбіне жатқызды. Жаны жай тауып, маужыраған Тұраш үш есінеп ұйқы құшағына енді. Тыныштық ұйықтасаң да болмайды екен. Тап бір өңіндегідей түс көруге кірісті.
...Шағын қаладағы банктен бір миллион теңгені шытырлатып үш қайтара санап алғанда Тұраштың лүпіл қаққан жүрегі кеудесіне симай кетті. Әуелі жанындағы құдай қосқан қосағына, одан соң жан-жағына қарады. Қырық тоғыз жыл отасқан асыл жарының жүзі алабұртып тұр екен.
-Қалада «карманшіктер» болады,-деді Тұрекең тысқа шыққан соң,- Сен соңымнан жүріп отыр. Ауылға аман есен жетейік. Кім біледі... Беті аулақ. Құдай сақтасын.
Бір-біріне «охрана» боп ауылға аман жетті. Судың да сұрауы бар. Тұраш жауар күндей түнеріп үш күн толғанды. Бір миллион теңгенің бір тиынына тимей қора жаққа, ит күркенің жанына тығып тастады. Әйелінің шыдамы да үш тәулікке әзер жетті.
-Отағасы, не ойлағаның бар? Ақшаны жұмсамаймыз ба? Әлде тығып тастап отыра береміз бе?
Тұраш шүңірек көзімен әйеліне тесіле қарады.
-Ал, сен айта қойшы. Не істейміз?
-Енді үйлі-жайлы болғасын, жан-жағыңа қарайсың. Құрдастарың қаладағы Қайырбек, ауылдағы Әбутәліптің үйіне кірсең шыққың келмейді. Бәрі бар. Біз де үйге...
-Тоқтай тұр. Сен не деп кеттің? Дүние қолдың кірі. Асықпа әзір. Қайырбек қаладағы орталық базарда күніне мың клиентті сындырып жүрген алыпсатар. Ал Әбутәліп ауылдың азаматы. Өткен жылы «кредит» алды. Елге «процент» берді. Биыл пайдаға шықты. Қазір кез келгенге сәлем бермейді. Кісілігін «Камазбен» тарта алмайсың. Біз де қысылғанға процент берейік. Әжет ашайық. Қор жинайық.
-Қайдам, шариғатта несие берген күнә деседі ғой.
-Не дейді тағы. Кім айтып жүр?
-Әйелдер.
-Осы әйелдердің де білмейтіні жердің астында шығар.
Жаңалық-хабар жатқан емес. Ауыл айтқыштарына айтар әңгіме табылды.
-Тұраш қария кредит алыпты...
-Мен айтты деме. Процент беретін бопты.
-Қаншамен?
-Ол жағын білмедік.
Ел құлағы-елу. Лақап аты «Қазанбас» Дайраш екі кеште келіп тұр.
-Қысылып... Сегіз жыл кластастас болған дос деп келдім. 500 доллар керек. Әжет аш,-деді салы суға кеткендей мұңайып.
-Менде доллар жоқ. Теңге, үсті жоғары. 30 проценттен түспеймін. Ауылда, көз алдымда жүрсің. Саған сендім. Кепілдікке ештеңе қоймай-ақ қой. Қолхат беріп аласың,-деді Тұраш.
-Келістік.
Қазанбас Дайраш арбиған саусақтарымен қолхатты жаза бергенде...әйелі түртіп оятып::
-Қария, тамақ әзір. Тұра ғой,-дегені.
Өң мен түстің ортасында қалған Тұраш кейіді.
-Бекер ояттың ғой. Жақсы түс көріп... Кредит алып, қазанбас Дайрашқа процент беріп жатыр ем...
Әйелі күлімдеді. Өзінің тілінің бізі бар. Сөзбен шымшып та алады.
-Қайдағы процент. Тауықтың түсіне тары, мысықтың түсіне тышқан кіреді. Айтпақшы, Сатан құрдасың сәлем айтып, 2000 теңге беріп жіберіпті. Балалар «шабашкада» жүр. Ертең қой кезегіне шығып берсін деп.
-Імм...
Көктем күні ұясынан күлімдеп шықты. Тұраш қария көк есекке көңілді мінді. Түндегі түсін тіс жарып ешкімге жорытпады. Өз түсін өзі жорыды. «Кемпірім дұрыс айтады. Кредит алып, процент беру менің қолым емес. Теңге алғаш шыққанда көшенің қой кезегі 200 теңге еді. Қазір 2000 теңге болды. Бұған да шүкір. Елде болса ерніңе тиеді деген осы. Қой кезегімнен тынышы жоқ. Пенсиям да бар. Қанағат қарын тойғызады».
Шуақты көктемнің самал желі еркелегендей есіле жөнелді.