Жылдың үздік сатирасы
82

Еріксіз келген келін

            Он жеті жасында тұрмысқа шыққан Алмаш тұла бойы тұңғыш ұлынан кейін жарық дүние есігін ашқан қызының бойжетіп қалғанын енді байқады. Кер маралдай керіліп, кербезденіп айна алдынан шықпайды. Бет әлпеті төрт елі «сотканың» қолынан ажыраған күні жоқ. Бозторғайдай бебеу қағып шыр ете қалса болғаны құлағына асығыс тосып сызыла қалады. Іле көзі күлімдей, жүзі жайнай басқа бөлмеге тартып отырады. Кіммен сөйлесетіні белгісіз. Аса маңызды мәселені шешіп жатқандай шақырғанда дайын асқа да келе қоймайды.

Алмаш та жас болды. Қызға тән қылықпен бойжетті. Кірпіктерін жиі қағып, қылымси айнаға қарады. Сұлу сияқты көрінді. Жымиып күле қарағанда кез келген жігіттің сезіміне шоқ түсіріп, жүрегін жаулап алатындай ажары барын сезді. Тап бір асыға күтіп жүргендей мектеп бітірген бетте жігіттер сөз сала бастады. Бүгін не ертең о дүниелік бола қалатындай өлердегі сөздерін айтатынын қайтерсің.

-Қарындас, айып етпесең жаным дейінші. Қазір... Қазір менде күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ. Аяңызшы...Білмеймін... Өліп қалатын шығармын.

Алмаш қайран қалады. Жігіттердің бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай айтады. Сөздері де егіз қозыдай ұқсас әрі жалынышты естіледі. Енді бірі көзімен ішіп-жеп, үскірік аяздан үсіп тоңған адамдай дірілдеп:

-Қарындас, менің жүрегім жазылмас дертке шалдыққандай. Күндіз есімнен, түнде түсімнен шықпайсың. Дерттің дауасы, емі де, айым мен күнім де өзіңсің. Өтінем, жүрегіңнің төрінен орын бере көрші. Жаныңыз ашысыншы...,-дейді

Ой, Алла-ай, е десең ерніңе тас кенедей жабыса кетейін деп тұр. Жігіттерге Алмаштың жаны ашыған жоқ. Бес ұлдың арасында еркетотай боп өскен тәкаппар мінезі аузының суы құрып, үзіліп кетердей сөз айтқан жігіттерге жүрегінің төрі түгіл бұрышынан орын бергізбеді. Сөйтіп, айна алдында кербезденіп, сөз салған сері жігіттерге  қылымси қарап, сезімдерін жаралап жүргенде Қайрақбай сүйдім, күйдім, отқа, суға түсем демей-ақ бір кеште алды да қашты.

Бұл бұйрықты қойсаңшы. Сөз айтпақ түгілі маңайына таяна алмайтын жігіт еді. Тіпті Алмаш оған жігіт екен деп бір мәрте көз қиығын да салмапты. Қарашы басынуын. Ұяттағы, сондағы мініп келген мәшинесі “Запорожец” те емес. Автобаздың азып-тозып салдыраған, өгіздей өкірген «самосвал» көк қасқа «Зилі». Шопыры қазанның түп күйесіндей қап-қара Қарпық. Өзі таза Қожанасыр, түйсігі “ненормальный” неме екен. Мәшинесіне мал салып алғандай:

-Қарындас, торға түстің, тұтылдың. Шортан құсап шорши бермей, жөніңе отыр. Мүлт кетсем, «авария» жасаймыз. Менің өмір сүргім келеді. Қыз алып қашу ата-бабадан қалған салт-дәстүр,-дейді жайбарақат.

Алмаштың «нервісі» қозды. Өздері үшеу, мұнымен төртеу. Үшеуі де сүр бойдақ. Жігітінің кім екенін білгісі кеп қаны қарайды. Күйіп кетті.

-Менің байым қайсың?-деді терісіне симай ашуға булығып.

Мырс етіп күлген Қарпық қара мұртының астындағы еріндерін еріне жыбырлатты.

-Байым дейсің бе? Қызық сұрақ екен. Ол жағын әлі ақылдасқанымыз жоқ. Бара көреміз.

Қыз деген сезімтал. Алмаш ақ отауының иесі мен киесі Қайрақбай екенін жаутаңдай қараған жанарынан, безгек тигендей дірілдеген денесінен сезді. Өзінде титімдей, сынаптың мысқалындай  ұят жоқ. Белінен арбиған қолдарымен құшақтап алыпты. Алақандай ауыл іші емес пе? Үстіндегі «кузовы» түсіп қалардай салдыраған ескі “Зил” Қайрақбайдың үйіне тұмсығын тіреді. Үй іші келін келедіден бейхабар екен. Табанасты үре-дүре болды. Абыр-сабыр басталды. Екі жігіт қолдарынан тартып, екі жігіт иығынан итеріп, біреуі аш белінен құшақтап, жиегіне үкі тағылған енді құрылып жатқан ақ шымылдықтың ішіне кіргізді. «Адамдар қандай қиын. Мұндай сорақылыққа қалай барады екен. Сонда бұл өмірде шын махаббат деген болмағаны ма?»-деп қинала ойланды Алмаш.

Ақ жаулықты апалар бірінен соң бірі бетінен сүйді. Айналып, толғанып басына орамал салды. Ерке өскен шолжың қыз Алмаш көнер болмады.

-Бәрібір кетемін. Қайрақбайды сүймеймін. Бәріңді соттатам,-деді тістене, долдана сөйлеп.

Мұның мөлдір махаббат жолындағы жанайқайын ешкім керек етпеді. Бетінің әжімі бес елі сексеннен асқан әже әңгіменің майын тамызады екен. Қытығына тиіп «нервісін» ойнатты.

-Қыз алып қашқан да өмірдің бір қызығы. Баяғыда жігіттер ат арбамен алып қашатын. Көк шыбықтай солқылдаған он жеті жастағы қызбын. Ер-азаматтан амал артылмайды. Мені бес жігіт екі кештің арасында кезек-кезек арқалап алып қашты. Шүкір, тәубә. Жаман болғаным жоқ. Аяқ-қолымды жерге тигізбей арқалаған азаматтардың еңбектерін мен де ақтадым. Он бір бала тудым. “Мәт герина” атандым. Әнеукүні жетпіске келген үлкен ұлым «Мамашка, ұл-қыздарыңыздан туған немере, шөбере, шөпшектеріңіз  55 болды» деді. Менің жолымды берсін, шырағым.

Алмаш күйіп кетті. «Сонша баланы туып, тауықтың балапанындай шұбыртып ненің азабы. Бір ұл, бір қыз жетпей ме?» деп іштей күйініп, сазарып отырғанда аға-жеңгесі бастаған суыт жүрісті қуғыншылар жетті. Алмаш басындағы салы орамалды жұлып алып, орнынан атып тұрды.

-Еріксізбін. Кетемін,-деді етегі жасқа толып.

Құшағына алған ағасы шымылдықтың ішінен алып шықты да бір ауыз сөз айтты.

-Қарындасым не айтады, сол болады. Жол беріңіздер. Шығып кетейік.

Осы кезде...Тап осы сәтте жетпістің желкесіне шыққан толық денелі кемпір оқ тигендей есік алдына домалай құлады.

-Анаңдай адаммын. Әдепсіз өссең аттап кете ғой,-деді.

Қуғыншылар тосылып қалды. Жеңгесі Алмаштың құлағына сыбыр етті.

-Бұл өте ауыр сынақ, Еркежан. Ерік өзіңде.

Алмаштың жігері құм болды. Іштей ақылға келді. «Жоқ, болмайды. Аттап өте алмаймын. Он жас үлкендігі, шашының ерте ағарғаны, мұрнының делдигені болмаса Қайрақбай жаман жігіт болмаса керек. Көндім.»

Одан бері қанша жыл, Құдай берді. 9 ұл, қыздың асыл анасы атанды. Қайрақбай да мазасыз. «10 болсыншы» деп қолқа салды. Бұл көнбеді. Шаршадым деп шынын айтты.

Бүгін қайтамын деп қалаға кеткен үлкен қыздан хабар-ошар жоқ. «Соткасы» өшірулі. Көңіліне алаң кірген Алмаш түннің бір уағына дейін үй шаруасымен күйбеңдеді. Төсекке қисайып, жастыққа басы тигені сол, ит үріп, терезе қағылды. Құс ұйқылы Қайрақбай күн көзінен өңі қаша бастаған көк шапанын жамылып сыртқа беттеді. Көңілі алабұртқан Алмаш та ілесе шықты.

Есік алдында үрпиіп үлкенді-кішілі үш еркек кіндікті тұр. Көзі бадырақ, сопақ беттісі баяу үн қатты.

-Көрші ауылдан...елшіміз... өлтірі әкелдік. Қыздарыңыз құтты орнына қонды. Құдай қосқан құда болдық,-деді.

Алмаштың «жыны» қозды. Ашуға булықты.

-Мүмкін емес. Мектеп бітіргеніне он-ақ күн болды. Кетем деп айтқан емес. Алып қашқан. Өзім қуам.

Қайрақбай үнсіз қалмады.

-Сонда, мына сыйлы кісілерді қайтеміз?

Алмаштың дауысы ащы шықты.

-Ол жағында менің шаруам жоқ. Жеті түнде кім шақырыпты. Жан ботам, қызым. Торға түскен торғайдай бүрісіп отырған шығарсың. Қазір жетем.

Айыпкер көзі бадырақ кісі күмілжіді.

-Құдағи дұрыс айтады. Ақ, қарасын біліп келсін. Бізге осы жер де жетеді. Құдағи қайта оралғанша тұра береміз.

Алмаш кідірмеді. Өлтірі әкелген шопырмен жүк салғыштағы қойды маңыратып жалғыз өзі қуды. Келін түскен үйге жиналған көпшілік қақ жарылып жол берді. Шырттай киінген жігіт ағасы қабағын түйіп, түсін суытып алған Алмаштың жолын кесіп, құлағына сыбыр етті.

-Үйленген жігіт менің жиенім. Қалада тұрып жұмыс істеп жүрген Ертай сіздің балаңыз ба?

-Ие.

-Сол балаңыз “сокрашениеге” ілігіп тұр. Қызыңызды әкетсеңіз балаңыз да кетеді. Қазір демократия. Шындықты айтқанның еш айыбы жоқ.

-Әкетпесем ше?

-Онда ұлыңыз жұмысын істей береді. Бір амалын жасаймын. «Гарантия» берем. Ерекше қамқорлығыма аламын. Қызметі де жоғарылайды.

-Сіз кімсіз?

-Бастығымын.

Алмаштың тау құлатардай екпіні басылып қалды. От пен судың ортасында қалғандай күй кешті. Мұны көріп қалған қызы орнынан атып тұрып, шымылдық ішінен сытылды. Мойнына асыла кетіп, біреу жағынан салып жібергендей еңіреп қоя берді.

-Мама, еріксізбін. Кетем. Он жас үлкен. Оны сүймеймін.

Көңіл күйі соққан борандай алай-дүлей болған Алмаш ақыл айтуға кірісті.

-Жоқ, қызым, кетпейсің. Оны сүйесің. Мені де әкең алып қашқан. Мен де сүймегем. Папаң да менен он жас үлкен.

Осы кезде қаққан қазықтай қалшиған қара кемпір «инфарк» алғандай босағаға жалп етіп құлап түсті.

-Шешесі мен қызы аттап өтсе кете берсін,-деді.

-Әне, көрдің бе? Менің де жолыма өстіп кемпір құлаған. Аттай алмай келін болғам.

Алмаш ботадай боздаған қызын шымылдық ішіне өзі кіргізді. Әліптің артын бағып, демдерін іштеріне терең алып тұрған көпшілік көңілденіп сала берді.