Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы
62

Менің Карлсоным

Көркемсуретті фильмнің киносценариі

Фильмнің түсірілетін жері:

Түнгі Талдықорған (Талдықорғанның әсем жарықпен -көмкерілген ең жақсы жерлері: Жаңа «Талдықорған» қонақ үйі, «Ирбис» қонақ үйі «боулинг орталығы», орталық алаң, түнгі көшелер, Қаратал өзенінің жағалауы мен жаңа көпір, ескерткіштер бәрі қамтылады, жаңа «Қаратал» шағын ауданының ауласы).

Қаратал өзенінің жағалауы (күндізгі балық аулау көрінісі) «Үйтас» саяжайындағы аспалы көпір, өзеннің буырқанған жері мен жайдары жерлері.

Талдықорғандағы  түрме көрінісі.

 

«Менің Карлсоным» атты кинофильмнің қысқаша сюжеті:

 

Әкесіз өскен баланың басынан өткерген уақиғасы. Анасы мен екеуінің арасындағы түсініспеушілік. Баланың қала бұзақыларының ықпалына түсуі. Қала балаларының бүгінгі күнгі өмірі. Ақыр аяғында баланың солардан  көрген қорлығы.

Осындай тәлкекке түскен балаға кездейсоқ Қожабектің – Карлсонның жолығуы. Оның қамқорлығы әкесіз өскен баланың көңіл түкпіріндегі әкеге деген сағынышын оятады.

Әйелінен амалсыз ажырасқан Қожабектің күйзеліске ұшырауы. Ішкілікке салынуы. Ақыр аяғы өзін-өзі қолға алып, кездейсоқ өзінің ұлындай балаға қамқорлық көрсетуі. Қамқорлықтың аржағында көңілі жетім Қожабек пен тірі жетім баланың арасындағы қарым-қатынас.

Уақиға тез өрбиді, фильмнің соңы «хэппи-энд» яғни баққыты көрініспен бітеді.

 

«Менің Карлсоным» атты фильмге қатысушылар:

 

Жасын- жасөспірім  жігіт

Қожабек - Карлсон

Құралай - Жасынның анасы

Қазтай - Құралайдың танысы

Ботик - жас жігіт

Адил - жас жігіт

Айша - жас қыз

Офицер

(Дәрігер, милиция, түрме қызметкерлері мен көршілердің дауысы және жастардан массовка)

 

 

 

Нат. Түнгі Талдықорған.

 

Түнгі түрлі-түсті жарыққа толы Талдықорған. Көшеде екі автомобильде (бірі джип, екіншісі седан БМВ) қала көшесінде зулап келеді. Үстіндегі люктен басын шығарып қиқулап ысқырған жігіттер. Екінші машинадан Жасын люктен басын шығарып ысқырып, айқайлдап қояды. Қолындағы жейдесін айналдырып ысқырып-ысқырып қояды. Барлығында желік бар.

«Ирбис» қонақ үйінің боулинг ойынханасының алдына келіп тоқтайды. Барлығы машинадан түсіп жатыр.

 

                                Ботик:

Жасын жүр боулинг ойнаймыз. Сен болып па едің бұнда?

 

                                Жасын:

Жоқ, кинода болмаса көрген емеспін.

 

                                Ботик:

Қам жеме бауырым, жүр кеттік.

 

Барлығы ойынханаға кіреді.

 

 

Инт. Боулингхананің іші.

 

Үнсіз түсірілімдер. Жасын аяқкиімін ауыстырып боулинг ойнап жатыр. Жан-жағына қарап, мақтанып масайрап қояды. Келген жігіттер оны қолпаштап қояды.

Ойынннан да жалыққан іспетті. Барлығы жиылып далаға шығады.

 

Нат. Боулингхананың алаңы.

 

Барлығы машинаға отырып қалаға бет алуда. Қаланың әдемі жерлерін аралау. «Талдықорған» қонақ үйінің алдындағы алаңға келіп тоқтап, машиналарынан шығады. Мейманханаға кіріп бара жатады.

 

Инт. Мейманхананың іші.

 

Жасынның аузы аңқайып қарап қалған. Әсем мейманхананың шыны лифтісіне түсіп жоғарыда орналасқан дәмханаға барып, бардың орындықтарына отыра қалысады. Ботик барменге тапсырыс беріп тұр.

 

                                Ботик:

Жасын не ішесің?

 

        Жасын:

Кез-келген шырынды ішемін.

 

                       Ботик: (Қалғандарына көзін қысып):

                                Фирменный коктейліңнен бер.

 

        Жасын барменнің жұмысына таң қалып қарап қалған. Ол талай нәрселерді араластырып, шырын мен жүзім салып үлкен бокалды Жасынға ұсынады.

 

                                        Жасын: (Таң қалып)

                                Маған ба ?! Бұл не?!

       

                                        Ботик:

                                Ішіп көрсеңші...

 

        Жасын дәмін көріп таң қалады:

 

                                        Жасын:

                        Өзі әрі тәтті, әрі ащщы екен...

 

 Жарық түсіп тұрған қала ауласы беріледі. Аула ортасында бір топ жастар музыканы барынша қатты қойып билеп жатыр. Авансценада Айша мен Жасын.       

 

Айша: (Жасынды масаңдау құшақтап алған) Маменькин сыночек затенись разочек. (Жасын анашаны құшырлана сорады да, өзінен-өзі ішегі қатып күледі. Оған Айша да басқалары да қосылып қарқылдап күледі)

        Ботик: Жасын молодец. Енді сен крутой жігіт болдың. Айтпақшы обрезді сата алдың ба ?

        Жасын: Немене, что-то не догоняю ?

        Ботик: Әй мен берген қысқа мылтықты айтам ?

        Жасын: (Ыржалақтап) А, әлгі келте мылтық па, ол әлі тығулы жатыр.

        Ботик: Сені бір крутой деп жүрсем сұйықтаумысың қалай, не қарызыңды бермейсің, не тапсырманы орындамайсың. Мен ғой күтуін күтемін, ал  Ваха шыдамсыз, кеңірдегіңді суырып алып жүрмесін.

        Жасын: (Ыржалақтап) Жарайды, тездетуге тырысамын.

        Ботик: Бәсе сөйтпейсің бе, сен бар ғой биді қатырасың. Майкл Джексоннан кем емессің. Көрсетші қане.

        (Айқайлатып қойған би музыкасы. Жасын аса бір азартпен билейді, би аяқтала бере көп қабатты үйлердің бір терезесінде жарық жанады)

        1-ер дауысы: Оңбағандар түнімен ұйқы жоқ. Көргенсіздер.

        2-әйел дауысы: Құралайдың жетімегі қой бәрін ұйымдастырып жүрген.

        (Жастар қарқылдап күледі, олар шатырға тас лақтырып, оның даңғұр-дұңғыр дыбысы беріледі)

        3- әйел дауысы: Олардың отбасыларын көшірту керек бұл арадан.  Байсыз бала тапқандардан-ақ көрдік қой.

        4- еркек дауысы: Ол байқұстың қандай кінәсі бар. Баласы ғой жетесіз.

        5-әйел дауысы: Әй сен оны жақтап, сөзін сөйлеп тұрсың ба? Бар ендеше  сол әйелге.

        (Жастар тағы қарқылдап күледі)

        Адил: Мыналар сендерді тым жақсы көреді екен. Жасын сен үшін бәрінің терезесін қиратып шығайын ба ?

        Ботик: Әй шуылдақтар қыздарың бар ма? Жіберіңдер бізге.

        (Қарқылдаған қылжақ күлкі)

        Еркек дауысы: Полицияны шақырдық , әзір келеді.

        (Осы кезде шынының сынған дыбысы естіледі.)

        Құралай: (Терезеден) Балам, Жасын,  үйге қайт. Масқара болдық қой.

        Жасын:   (Айғайлап) Қойшы мама, мне и здесь не плохо.

        Айша: Во молодец Жасын. Так ей и надо! Маменькин сыночек, затенись разочек ( ішегі қатып күледі, осы кезде халат киген Құралай жүгіріп келіп, қызды  кеудесінен  итеріп жібереді)

        Құралай: Қыз басыңмен не істеп тұрсың. Қайт үйіңе.

        Айша: (масаңдау үнмен)Ты чего, өз балаңа ие бол. Менде шаруаң болмасын.

        Жасын: Отстань мама.

        Ботик: Балаңыз кайфует. (Ішегі қатып күледі.) Жігіттер кеттік басқа аулаға барайық. Жасынның мамасы енді оны жібермес, қала ғой маменькин сыночек. Жасын если бы она не была твоей мамой, я бы ее сам знаешь...

Жасын: (Жасын мастығы тарағандай, басын ұстап, Ботиктің жағасынан ала түседі). Не оттап тұрсың ?

        Ботик: Все, все я пошутил, она и вправду ничего. (Шиқылдап күледі)

        Жасын: Пошел вон... Знаешь ... свою мать.

        Ботик : (Оның жағасынан жұлқа тартып, жерге алып соғады) Ты щегол сперва долги отдай, ты знаешь сколько задолжал? Или ты задумал кайфовать бесплатно. Қысқа мылтық пен қарызың  болмағанда қазір-ақ балапанша буындыра салатын едім. (Осы кезде Құралай оның үстінен төмпештеп жатады, оны шыбын құрлы көрмеген ол, Жасынның жағасын босатып, Құралайдың қолын ұстап ) Ой какие рученьки нежные, меня это заводит. ..

        Қожабек: (Осы кезде кешкі жұмыстан келе жатқан Қожабек, қолындағы пакетін тастай салып, Ботиктің жағасынан жұлқылап, тартып-тартып жібереді) Оңбаған не тантып тұрсың, анаңдай адам емес пе ?!

Ботик: (Жарқ еткізіп пышағын суырып алады) Әй шал өмірмен қоштасқың келіп тұр ма ?(Осы кезде полицияның сиренасы беріледі). Менің қолыма бір түсерсің.

Құралай: (Жұлқынған баласын құшақтап) Қой балам  көрдің бе не дегенін?

Ботик: Во мамаңды тыңда да, қарызыңды өте шырақ. Пока мадам ! (Қожабекке қарап) Келесі жолы мына пышақ қос қабырғаның ортасына дәл қадалатын болады. Поэтому старайся не попадать мне в глаза.

        Қожабек: (Тайқымай алға ұмтылып) Ендігәрі бұл балаға тиісетін болсаң, ісің менімен болсын.

        Ботик: Немене сен оның әкесі ме едің ? Әлде шешесін жұқалап жүрсің бе?

        (Жасын жұлқынады, шешесі жібермейді)

        Құралай: Айта берсін, саған тимесе болды.

        Қожабек: Өй жетесіз, оңбаған.

(Қожабек ұмтылып қуғанда,  барлығы қашып кетеді. Құралай баласын жетелеп үйіне кіріп кетеді, соңынан Қожабек те пакетін алып подьезге кіреді.)

 

                                                2- көрініс

 

        Жасынның пәтері. Қарапайым үйдің жиһазы.

 

        Құралай: Балам сенімен үйде отырар едім, өзің білесің жұмыстан босатпайды.  Балам ақылыңа кірсеңші. Не болды, мені жылатқаннан рахат табасың ба ?

        Жасын: Мама машина жуып жүріп кездескен достарым еді. Олардың машинасы бар, маған рулін беріп, айдауға рұқсат етті. Машина десе  жанып кететінімді білесің ғой...

        Құралай: Дос, дос... қайдағы дос олар сені, тұңғиыққа батырады.

        Жасын:  (Пауза) Мама сен неге папаммен ажырастың?

        Құралай: Осы сұрақты қоя- қоя шаршаған жоқсың ба ? Ол өзі кінәлі.

        Жасын: Кінәлі, кінәлі кінәны кешірмеске болмай ма екен ? Тұрып жатыр ғой ана Хасанның шешесі, әкесі күнде мас болып келсе де оның әкесі бар.

        Құралай: Ондай әке болғанша бордай тозсын.

        Жасын:  Мейлі сондай да болса, әке маған керек. Мен онымен футболға барар едім,  балыққа барар едік...

        Құралай: Сонан кейін Хасан құсап сыра ішер едің әкеңмен бірге. Болашақ алкоголик Хасаның.

        Жасын: Ал менің әкем шектен шыққан алқаш болды ма ?

        Құралай:Қайтейін деп едің оны. Саған шындық керек болса,  ол жүріс жүрді. Айтпайын-ақ деп едім...

        Жасын: Ту-у-у , сол үшін ғана ма ?

        Құралай: Онда мен ақымақ екенмін ғой, ал мен ақымақпын, мен дүниедегі ең ақымақ адаммын. Сенің әкең судан таза, сүттен ақ, сондықтан бақытты өмір сүріп жатыр.

        Жасын: Оны қайдан білдің ? Тоқта, яғни онымен менсіз араласып тұрасың ғой. Шыныңды айтшы ол осы қалада ма?

        Құралай: (Пауза) Сенімен кезекті осындай әңгімеден кейін іздеу салғанмын, барып сөйлескен де едім... Білгің келсе... ол бөтен адам.(Пауза) Сен туралы айтқанымда... өзімнің де екі ұлым бар деп (Пауза) сенен бас тартты.

        Жасын: (Жалынып) Бәрібір оны бір көрейінші. Менің арманым әкемді көру.

        Құралай: Арманының түрін. (Пауза) Мені неге ойламайсың ? Әкеңнің жақсылығы өткендей, сонша өлермен болып неге іздейсің? Түсінбеймін. Қасыңда мәпелеп жүрген мені неге аямайсың?

        Жасын: Балалар бақшасына да мектепке де ұлдарын алғаш әкелері апарады ғой, сонда қандай қызығатынмын. Әкенің алақанынан ұстау деген бір тамаша сезім шығар... Мама, сен неге бір мезгіл менімен ашылып әңгіме айтпайсың ?

        Құралай:Мен балалар үйінде тәрбиеленгенмін, біздерге жақсылық жоқ бұл жалғанда. Ең шарасыз біздерміз. Кейде адалдығыңды да дәлелдей алмайсың.  (Пауза)Фабрикада бір қыздың  ақшасы жоғалып, (Пауза) менен көрді. Себебі мен жетіммін ғой, оның үстіне  балалар үйіненмін.

        Жасын: Сонымен ...

        Құралай: Келесі  күні  ғана анықталды, оның халаты ауысып кетіпті.

        Жасын: Мама сосын, олар сенен кешірім сұрады ма ?

        Құралай: Сұрады, (Пауза) өкпем де тарқаған еді...

        Жасын: Содан?

        Құралай: Сол құрбым өзінің үйіне қонаққа шақырды. Демалыс күндері еді екі күн түнедім. Жұмысқа келсем барлығы менен теріс айналады.

        Жасын: Не үшін?

        Құралай: Сөйтсем оның ваннада тұрған алтындары жоғалыпты.

        Жасын: Табылмады ма ?

        Құралай: (Жылап жібереді) Табылды жарты жылдан кейін. Кереует жақтауы мен матрастың арасына түсіп кетіпті.  Кейін есіне түсті, түнде ерініп жастығының астына қойса керек. Ал менің жарты жылғы өмірім түнек болды. Сол кезде қыздар менен сумкаларын тыққыштап әлек болатын. Солармен әлі күнге қызметтеспін. Оларды қалай кешірем ? Сол сияқты әкеңнің де сатқындығын кешіре алмадым.

        Жасын: Ал әкем не істеп еді?

        Құралай: Біз пәтерсіз қаңғырып жүрдік, сол кезде үйі бар, тұрмысы жақсы қызға кездесіп кетіп қалды. Өмірдің қиындығына шыдамады. Оңай олжа керек болған шығар.

        Жасын: (Мамасын келіп құшақтап) Солай ма еді?Ал неге қайта тұрмыс құрмадың ?

        Құралай: Сені біреу жәбірлемесін дедім.

        Жасын: Мама, рахмет, түсінемін. Бәрі мен үшін. (Ойланып) Айтпақшы кешегі ағай есіңде ме, қалай  Ботиктің  әкесін  танытты, ә ? Қарап тұрсаң тіпті жат адам, бірақ оның қамқорлығы жүрегімді жылытты. Мүмкін менің қиялымдағы әке...

        Құралай: (Сөзін бөліп) Әй қайдам, бір көргенде бәрі жақсы. (Пауза)  Мен жұмысқа барайын. Сабақтарыңды қайталауды ұмытпа. Келген соң тексеремін. (Құралай баласының бетінен сүйіп, шығып кетеді)

        Жасын: Қайтала, қайтала... Миыма кірмесе қайтем. Мектеп деген бәлені кім ойлап тапты екен. (Кекетіп) Оқы, оқы және оқы Ленин.

        Қожабек: (Шатырдан) Сәлем балақай.

        Жасын: (жоғарыға таңырқап қарап) Сен кімсің ?

        Қожабек: Кім болушы едім, шатырда күнелтетін Карлсонмын. Қалайша танымай қалдың, кеше мен емес пе едім,  ана бұзықты орнына қойған.

        Жасын: А енді таныдым. Карлсон, шатырдағы Карлсон ? Қызық қазақ Карлсон да болады екен. Шатырда неге тұрып жатырсың ?

        Қожабек: Е, балақай Карлсон тек шатырда ғана тұрмаушы ма еді?

        Жасын: (Қызықтап) Шынымен-ақ Карлсон?

        Қожабек: Сен маған сенбейсің бе ?

        Жасын: (Басын шайқайды.) Қызық? Карлсон?

        Қожабек: Онда саған төмен түсіп көрсетейін бе?

        Жасын:  Келе бер есік ашық. Вот Арлекин ә?

Қожабек: Қазір.  Міне көрдің бе ?

        Жасын: (Қуанып, қолын шапалақтап) Шынымен  нағыз Карлсон. Біреуге айтсам ғой сенбес еді. Ал маған нағыз Карлсонның өзі келді.

        Қожабек:  Әрине мен сенің жеке Карлсоныңмын. (Клоундық   номер көрсетеді).

        Жасын: Ал Карлсон сияқты варенье жейсің бе ?

        Қожабек: Әрине холодильникте не бар  әкел бәрін.

        Жасын: (Жүгіріп жүріп тамақ әкеледі) Карлсон келгенің қандай жақсы болды. Мамамның пісірген тамағын түгел жемесең ренжиді. Ал менің тәбетім  жоқ тамаққа. Екеуміз бірігіп тауысып тастаймыз, мамам да қуанып қалады.

        Қожабек: Тамаша. (Тәбеттене тамақ ішеді).

        Жасын: Сенің тәбетіңе бес қояр едім.

        Қожабек: Мамаң дәмді дайындайды екен. Оның үстіне өзің білесің, шатырда тамақ дайындай алмайсың, бутерброд анау-мынау. Менің тәбетіме бес деген баға бердің, ал өзің сабақтардан қалайсың?

        Жасын:  Мен есеп сабақтарына жүйрікпін. Ал әдебиет, тарих деген сабақтарда ұйқым келеді. Осыған қарамай сынып жетекшісі «келесі сыныпқа өтер үмітің болса, жазғы демалыста осы сабақтарды пысықта» деп жүк артып қойды. Ал мамам мұғалімдерден де қиын болды, күнде кешке астан кейін сабағымды тексереді.

        Қожабек: (Қалжыңдап) Е балақай күнің күн емес екен ғой. (Күліп) Яғни гуманитарлық білімге жоқпын де. Мен саған күніне екі сағат сабақ беремін. Қалыс қалған жеріңді қуып жететіндей боласың. Алгебра, геометрия менің жек көретін пәндерім еді, миыма қонбайтын.

        Жасын: Ал мен керісінше сол сабақтарды жақсы көремін. Оған көп сөзділіктің қажеті жоқ. (Пауза) Бір сұрақ, қандай кәсіппен айналысасың ? Айтпақшы сен дегеніме  өкпелемейсің бе ?

        Қожабек: Жоқ өкпелемеймін. Мен Карлсонмын ғой. Кәсібім - актермін.

        Жасын: Ал шатырда...

        Қожабек: (сөзін бөліп) Шатырда не ғып жүрсің демексің ғой. Жақсы сұрақ. Мен облыстық театрдан келдім, әйеліммен ажырасқан соң, ол қаладан кетуге тура келді. Осында досым бар еді театрға жұмысқа тұрдым. Қаланың ұрылары қалтамды тазалап, құжатсыз қалдырды. Осы подьезде тұратын жарық беруші жігіт бар еді, сол айтты үйдің шатыры таза, әрі ешкім тұрмайды. Жаз бойы тұра тұруға әдбден лайық деген соң...

        Жасын: Карлсон осы ересек адамдар неге ажырасады ? 

        Қожабек: Өмір ғой. Өмірдің қиын тұстары да қуанышы да бар.  Қайтесің қазбалап, саған қызық емес.

        Жасын:  Сен де менің папам сияқты сатқын емессің бе ?

        Қожабек: Сатқын ? (Пауза) Мен жаңа өмірге икемделмеген, нақұрыс болып шықтым. Әйелім ел құсап ақша таппайсың, қолыңнан түк келмейді деп тиісе берді. Дүниеде әйелің тым пысық және жалақысы сенікінен артық болса, онда бәлеге қалғаның.

 Ал менің өнерден басқа ешнәрсе қолымнан келмейді. Туысқандарын да араластырды. Ақыр аяғы дәрменсіз біреу болып шыға келдім. Өмір мені сындырды. Сындым. Рас басқа кәсіп қолымнан келмесе не қылайын? Ей... балақай несін жасырайын, кейбірде шарасыздыққа салып ішетін де шығармын. Періштемін деп айта алмаймын. Ал балаларымды ойласам қиналамын. Қыздарды қойшы, бойжетті  біреуі күйеуде, екіншісі әні-міні күйеуге шығатын шығар. Өзің сияқты жалғыз ұлым бар, сенен сәл ересектеу.  Соған қиналамын.

        Жасын: Онда кешірім сұрап отбасыңа қайта оралмайсың ба?

        Қожабек: Соңғы рет әйелімнің алдына барған едім, қосылу ниетімен, қолыма ажырасқанымыз туралы соттың шешімін ұстата салды.  Жалпы менен жеріген болу керек. Кім білсін, мүмкін біреуі бар шығар ...

        Жасын: Сонда  балаларыңыз әке кетпеңіз деген жоқ па ?

        Қожабек: Жоқ айтпады.(Пауза) Қыздарды түсінемін, шешесіне жақын келеді, әсіресе  ұлым келіп, «кетпе папа» деп   айтар ма деген үмітпен жалтақтағаным рас.  Сол қалада ұзақ жүрдім,  артымнан ешқайсысы іздеп келмеді....

        Жасын: Иә қиын жағдай.

        Қожабек: Ал мен бір сұрақ қояйыншы, рұқсат па ?

        Жасын: Сен есірткі  үшін қарыздарсың ба  аналарға ?

        Жасын: Жазғы каникулда, мамама көмек болсын деп, әрі қалталық шығынымды өзім табайын деп, анда-санда машина жуып ақша табамын. Әрине мойкадағыдай қымбат емес.  Солардың машинасын жуған едім. Жүр машинамен қыдырыстайық деп алып кетті. Бірінші рет маған машинаның рулі  тиді. Сонда тартып көрген едім. Білмеймін ішегің қатып күле береді екенсің. Екінші рет тартқанымда қызық, үйге келгенде есігімді ашайын десем есік қашады. Во тащищься... Кілтімді кіргізе берсем жылжып кетеді. Көрші кемпір мені мас екен деп қалды. Сонда күлгенімді көрсең. Үшінші рет...  өзің араласқан  күні.

        Қожабек: Сонда қанша қарыздар екенсің ?

        Жасын: Білмеймін, бағасын  сұрап көрмеппін. Мен оларды дос деп жүрсем. Сондықтан ақысыз шығар деп ойладым.

        Қожабек : Досты тапқан екенсің. Ақысыз ешнәрсе жоқ  балақай, есіңде болсын. Мен де саған сабақ бергенім үшін ақы аламын.

 Жасын: Сабақ бергенің үшін ақы аламын дейсің бе ? Көп сұрайсың ба  ?

Қожабек: Әрине, сабақ бергенім үшін  (Сұқ саусағын шошайтып, ойланып) Карлсонға, яғни маған, сенің ваннаңа түсіп, кір жуып алуға рұқсат етілсе болғаны. Себебі шатырда су да, ванна да жоқ. Сондай ақы төлеу саған ыңғайлы ма ?

        Жасын: (Қуанып кетіп) Келістік Карлсон.

        Қожабек: (Жасынды өзіне тартып) Өтінемін. Енді оларға жуымашы.

        Жасын: (Қожабектің қолын алып, алақанынан ұстап) Әрине жуымаймын, тек сен маған жиі келіп тұрамын деп сөз берсең болғаны.

        Қожабек: Қаласаң күнде.(Тағы да өзіне тартып, маңдайынан иіскеп) Айтпақшы екеуміз балыққа барамыз, футболға да, тек енді есірткі дегенді ұмыт.

        Жасын: Ағатай, Карлсон қуанышымда шек жоқ.

 

                                                3- көрініс                              

Табиғат көрінісі. Өсіп тұрған ағаш, Қожабек пен Жасынның қолдарында қармақ. Ортада алау от жанып, үстінде мосыға ілінген қазан тұр. Қожабек екі темір немесе ағаш тостаққа балық сорпасын құйып әкеледі.

 

        Жасын: Өмірімде бірінші рет далала дайындалған балық сорпасын жеп отырмын. Қандай дәмді.

        Қожабек: Айтпақшы мамаңа айтпадың ба ? Ол кісіні де алып келу керек еді.

        Жасын: Мамам әне күнгі инциденттен оңала алмай жүр. Егер балыққа барамын деп сұрансам да жібермес еді,  парк фантазияға барып қыдырып, кешке бірақ жетем деген соң, әрең көнді емес пе.

        Қожабек: Дегенмен сен Жасын, мамаңнан ешнәрсе жасырма, өтірік айтпа. Түкке тұрмайтын өтірікпен сенімнен шығып қалған өте қиын. Сондықтан екеуіңнің араңда тек шындық жүру керек.

        Жасын: Әрине Карлсон оның рас. Мем мамама ешқашан өтірік айтқан да емеспін. Ал сенің бұл дүниеде бар екеніңді ол әлі білмейді. Жақында мамамның туған күні. Сол күні екеуіңді таныстырғым келеді. Шіркін екеуің бір-біріңе ұнап қалсаңдар ғой.

        Қожабек: (Күліп)  Сен екеуміздің арамызға дәнекер болайын деп жүргеннен саумысың, қой оның ұят болады. Мен сенімен доспын, одан артық қандай жақындық болу мүмкін.

        Жасын: Карлсон десе (қиналып) тек сен күлмеші.

        Қожабек: Неге мен күлуім керек.

        Жасын: Менің арманым, сен бізбен бірге тұрсаң ғой. Әйтпесе  мамам келгенде ұры құсап қашып кетесің. Кешке бірге ас ішіп, теледидар көріп, әңгімелескенге не жетсін.

        Қожабек: (Тағы да күліп) Арманының түрін. Мамаң қандай сұлу адам, ол кісіні  жақсы көретін жігіттер жоқ қой дейсің бе? Ал мен кіммін ? Қаңғып шатырда жүрген біреумін.

        Жасын: Қойшы өйтіп айтпашы. Сен бәрінен де артықсың. Ауладағы әкесі бар балалар қазіргі біз құсап, балыққа балаларын әкетіп, машиналарын дайындап жатады. Сонда біреуі мені ертпейді.

        Қожабек: Жасыма, Жасын деген атың бар, мен де жақында несиеге машина сатып аламын, сонда жер аралатамын саған.

        Жасын: Ал мамамды ше ? Ол ешқашан ешқайда шыққан емес.Бізбен бірге жүрсе бола ма ?

        Қожабек: Әрине, тек менімен жүруді қалар ма екен ?

        Жасын: (Тұрып кетіп, қолын шапалақтап) Қалайды, қалайды, сендей Карлсон ешкімде жоқ.

 

        (Осы кезде төмен жақтан шулап келе жатқан жастардың дауыстары естіледі. Қатты музыка жақындап келеді. Бәрінің қолдарында  бір-бір сыра кейбіреулері тіпті мас. )

 

        Ботик: (Жасынға тақалып кеп )Смотри сладкая парочка. Ей Жасын, айттым ғой саған обрездің ақшасын бер деп.

        Жасын: Әлі сатқан жоқпын.

        Ботик: Әй щегол чего тянешь. Ваха меня задолбал. Отдавай деньги.

        Жасын: Обрездің өзін қайтарып берем. Сататын адамым жоқ.  Мен оны жай көруге алғанмын.

        Ботик: Көруге алдым ? Немене ойыншық па ол көретін. Онда дүкеннен ойыншық сатып алып ойнамайсың ба? Никаких,  алдың ба ақшасын қайтар. (Қолындағы бөтелкесін суға лақтырады. Алдына Қожабек шыға келеді) Сен немене ылғи көлденең шыға келесің старик, а ? Мен саған ана жолы айттым емес пе, бізден аулақ жүр деп.

        Қожабек: Ал сен неге өзіңнен  жасы  кіші балаға күшіңді көрсете бересің. Мықты болсаң менімен шық.

        Адил: Ботик покажи ему класс. У тебя все таки черный пояс ведь.

        Айша: (Масаңдау) Әй қойшы Ботик просто похвастался, наркоманда қайдағы черный пояс.

        Ботик: (Жүгіріп Айшаның шашынан ұстап алады) Ты девчонка не хами. Наркоман болудың алдында спортсмен болғанмын.  (Төбелеске дайындалады) Көр ендеше.

        Жасын:  Карлсон байқашы.

        Қожабек: Жасын жасыма.

        Адил: Майский жук. Ж-ж-ж-ж. Пропеллерің қайда?

       

(Екеуіне бой қою керек. Алғашында Ботик күш көрсетпек болады. Қожабек те оңай жеңбеуі тиіс, аяғында Қожабек алып ұрады )

 

        Айша: (Қолын шапалақтап) Во дает старик, а ?

        Адил: (Жүгіріп келіп пышақ салмақ болғанда, Қожабек қолының қарын тосып қалады да пышақ алысқа түседі) Не қарап тұрсыңдар, жабылыңдар.

        Қожабек: Оу, жаңа ғана жігіттің сөзін беріп, қорқаудың күнін кешкендерің не ?

        (Тағы да төбелес, бәрін жан-жаққа лақтырады, ақыр аяғы олар қашуға мәжбүр болады)

        Жасын: Карлсон сен төбелесті қайдан үйренгенсің ? Во здорово, маған үйретші.

        Қожабек: Самбоға мектепте жүргенде мамам алып барған Өзім футболды жақсы көруші едім, зорлап самбоға апарды. Сөйтсем самбо футболдан жиірек қажет болды. Армияда да сан рет көмегі тиді.

        Жасын: Сен армияда болдың ба ?

        Қожабек: Әрине ол кезде армиядан қалу сирек болатын. Армияның қиындығы да қызығы да мол өмір мектебі. Өзім армияға барғаныма   өкінбеймін.

        Жасын: (Төмен қарап) Адил пышағын суырып алғанда керемет қорқып кеттім, сені  жарақаттай ма деп.

        Қожабек: Қорыққаның дұрыс, көзсіз батыр болуға болмайды. Бірақ қашанда салқынқандылық қажет. Бар ойың сол пышақты қолданыстан шығару үшін жұмыс істеуі керек. Ал жалаң қол бас жармайды.

Қане кел. (Бір-екі әдіс көрсетеді, екеуі күліп, құшақтасады) Ал енді Жасын жаңағылардың артында қалған күл-қоқысты жинайық. Сен білесің бе, пластика жерде шірімей 25 жыл жатады екен, сондықтан оларды бөлек жинап көміп кетейік.  Бізден кейін де тағы біреулер балаларына балық аулататын шығар бұл жерде.

        Жасын: Карлсон өзіңмен кездескенге дейін мен де бөтелкелерді  лақтырып тастап кетуші едім. Енді олай болмайды. Шіркін біздің ауланың балаларына сендей Карлсон қажет-ақ.

 

 

                                        4- көрініс

 

                                        Сол Жасынның үйі.

 

        Жасын: (Мамасын қапсыра құшақтап, бетінен сүйіп) Мама туған күніңмен!

Құралай:        (Баласын аймалап) Жасын саған өте қуаныштымын. Ақылың кірейін деген екен. Ауладағы құлағы түрік кемпірлерден естідім, сенің ана «дос» сымағыңды есірткі сатқаны үшін сегіз жылға соттапты. Солармен болғанда сен  де бірге лаңға ілігіп кетер ме едің.

Сенің кейінгі кездердегі әдебің қуантады мені. Өз бетіңмен сабаққа дайындалып, тамақты да алаламай дұрыс ішіп жүрсің. Үйде де тазалық.

Жасын: Мама мен бүгін саған сюрприз жасаймын, сенің туған күніңе байланысты. Мен айтушы едім ғой менің Карлсоным бар деп. Бүгін ол келуге тиіс.

Құралай: Жасын саған не болған. Карлсонға сенетін уақыттан өттің емес пе ?

Жасын: Мама өткені қалай ? Сәті енді келді-ау деп тұрмын. Ал енді алдағы уақытта Карлсонмен қыдыруым керек. Онымен футболға барамын. Кейін Қапшағайға балыққа алып барамын деген де уәдесі бар.

Құралай: (Әңгімені бұрып) Жаңа көйлегім қалай жараса ма ?

Жасын: Мама ең сұлу мамасың сен. Көйлегің высший класс. Бірақ сәл толған сияқтысың мама.

Құралай: (Қысылып) Жарайды қазір  тез ораламын, ақылды бол.

Жасын: Әрине мама, алаңдама.

(Құралай шығып кетеді. Ол балконға барып ысқырады.)

Жасын: Карлсон мамам кетті, келе бер.

Қожабек: (Үстінде смокинг, басында парик, мұрнында клоунның мұрны)  Жасынның мамасымен танысуға Карлсон дайын.

Жасын: Ой Карлсон ты настоящий джентльмен. Тек Карлсон мамаммен танысқанда паригің мен мұрныңды алып тасташы.

        Қожабек: Жарайды ол өтінішің орындалады. Бірақ мен сенің мамаңнан  жүрексінемін.

        Жасын: Ой менің мамам деген алтын адам. Қорықпа мен тұрғанда.

        Қожабек: Тортты берерде  жарықты өшіріп барып қарсы ал. Барлық шырақтар жанып тұратын болсын.Сонда мен де торттың қасында упакованный сыйлық құсап тұрамын.

        (Есікке қоңырау беріліп, кілтпен ашқан дыбыс келеді.Жасын жүгіріп барып жарықты сөндіреді. Туған күн музыкасы беріледі. Осы кезде Қожабек жүгіріп барып бұрышта ілулі тұрған ұзын халаттың артына тығылып қалады. Есік ашылып ар жағынан Құралай мен  Қазтай кіреді)

        Жасын: Мама сюрприз. (Жарықты жағады торт тұр, ал Карлсон жоқ).

        Құралай: Рахмет, жаным, қандай тамаша торт ? Ақшаны қайдан алдың ?

        Жасын: Оны  Карлсон алды, жаңа ғана осы жерде болатын...

        Құралай: Жасын. Қойшы енді қайдағы Карлсон. Тыңдашы балам, (қысылып) саған таныстыруға әлі ерте ме деп жүр едім. Мына кісі Қазтай.

        Жасын: (Сонда ғана еркекке қарап). Бұл кім?

        Құралай: Сен қарсы болмасаң саған аға немесе әке боламын деп жүрген адам.

        Жасын: (Мән бермей ) Не? Мен шатырға жүгіріп барып келейін. (Ол шығып кеткенде Құралай мен Қазтай сүйіседі)

        Жасын: (Иығы салбырап оралады) Шатырда да жоқ.

        Құралай: Балам Карлсон деген ол ертегі.

        Жасын: Мама ол ертегі емес. Карлсон шын Карлсон.

        Қазтай: Балақай кешір, сен ол жастан кетіп қалған жоқсың ба, (Өзіне-өзі) ә енді түсіндім, бұл есірткінің әсері болар ?

        Жасын: Балақай деме маған. Маған тек Карлсон ғана балақай дейді.

        Қазтай: Жақсы, жақсы...Құралай балаңа қаладағы жақсы интернаттан орын алу үшін танысымды салып жүрмін, жақсы жерден  жақсы білім алсын.

        Құралай: (Таңданып) Сен қайдағы интернатты айтып тұрсың, мен баламды ешқандай интернатқа жібере алмаймын.

        Қазтай: Сен мына балаңның наркоман екенін сезбей тұрсың ба ? Міне дәлел. Карслон дегені галлюцинация, немесе олардың тілімен айтқанда глюки дейді.

        Жасын: (Қолына тарелке алып Қазтай жаққа жіберіп ұрады, ол еңкейіп тарелка сынады) Оңбаған ол глюки емес, нағыз Карлсон.  Өлтіремін сені, Карлсонды  глюки дегенің үшін.

        Қазтай: Құралай мына балаңды ұста. Айттым ғой наркоман деп. Өзі агресивный... Қазір полиция шақырмасаң сенің де түбіңе жетеді.

        Құралай: Не айтып тұрсың, бұл менің ұлым ғой. Қайдағы полиция ?

        Қазтай: Құралай айтпады деме бұл бала сенің түбіңе жетеді. Карлсон, Карлсон глюки у него. Оның қолына тарелка емес пышақ түссе ше ?

        Жасын: (Жүгіріп барып, тығылған жерден обрезін алып шығады) Мені интернатқа тапсырып ... Ал керек болса пышақ емес мылтыққа қалай қарайсың ?

 Құралай: Жасын, балам, интернатты атама, сені интернатқа жіберіп, мен бақытты бола алмайды екенмін.

Жасын: (Қазтайға қарап) Мама мен оны өлтіремін.(Еркек Құралайдың артына тығылады) Мына жексұрын сенің артыңа тығылып жатыр. Ха-ха мама сенің жолың болмайды еркектен. Өңшең сатқындар.

Құралай: (Қазтайға қарап) Кет шық үйден, шық деймін оңбаған. Полицияң  не, интернатың не  айтып тұрған ?!

Қазтай: Құралай есіңді жый, бұл сені де аямайды. Бұның орны тіпті интернат емес түрме ғой, түрме.

 Жасын: Мама былай тұр. Көрсетейін мен оған түрмені.

(Осы кезде Қазтай есікке қарай қашады, артынан Жасын мылтық көздейді, оны көрген Қожабек тығылған жерінен жүгіріп шығады, оққа өзін-өзі тосады. Басында парик, мұрны клоунның мұрны. Оқ кеудесіне тиіп, жайлап жерге құлайды, Қазтай қашып кетеді)

Жасын: Карлсон бұның не ?

Құралай: (Еңкейіп, басын алдына салып) Карлсон, шынымен Карлсон ба ?

Жасын: Айттым ғой саған. (Кемсеңдеп) Шынымен нағыз Карлсон десем сенбедің ғой.

Қожабек: Мен кінәлімін, жасырынбауым керек еді. Сіздің жақсы көрген адамыңыз кетіп қалмасын.... деп едім. (Талып кетеді)

Құралай: Құрып кетсін ... Бұлай боларын кім білген ?

Жасын: (Қожабекті құшақтап) Ағатай кешірші, сен ғана маған әке бола аласың. Бүгін ерте тұрып құдайдан жалбарынып сұрадым, мамаммен тіл табысса екен деп армандап едім...

(Осы кезде полиция мен жедел жәрдем келеді, солармен бірге Қазтай да  жүр.)

Қазтай: Мінеки адам өлімі деген осы. Алып кетпесеңіз шешесін мерт  қып жүрер.

Полицей: Дәрігер, жәбірленушінің жағдайы қалай ?

Дәрігер: (Басын шайқап) Әй білмеймін. Жүрек тұсына тиген екен, жолда кетіп қалама деймін. Тезірек жеткізейік...

Полицей: Әрине әкетіңіз.

Қазтай: Ол оңбаған, наркоман, мені көздеді. Мына байқұстың қайдан шыға келгенін кім білсін. Клоун ба  өзі ? 

Құралай: Именно сен болуың керек еді, опасыз. Сенен ажал да жиіркенетін шығар. Ал бұл Клоун емес Карлсон, балам кешір мен саған сенбей жүр едім...

Қазтай: Көрдіңіз бе, шешесі де жынданайын деген. Бұндай бала кімді болсын жынды қылады.

        Жасын: Мама мен оны өлтірейін деген жоқ едім ғой.

        Полицей: (Қазтайға қарап) Куәгер сіз бе?  Жүріңіз, баланы да әкетіңіздер.

        Қазтай: Иә-иә мен куәгермін. Бәрін де өз көзіммен көрдім.

        Құралай:  Ол кәмелетке толмаған бала ғой.

        Полицей: Көріп тұрсыз адам ауыр жарақат алды. Жаңа дәрігердің айтқанын естідіңіз ғой. Ол кісі жолда о дүниелік болып кетсе ше ? 

        Құралай: (Жасынды құшақтап) Балам не деген бақытсыздық. Жыртық үйдің құдайы бар деуші еді, қайда сол құдай?! (Жылап қалады)

        Жасын: (Жылап, мамасын құшақтап) Мама кешір өзімді ұстай алмадым. Мама жыламашы.      (Жасынды полиция алып кетеді. Орындықтың қасында жылап Құралай қалады ...)

 

                               

                                5-- көрініс.

 

        Алғашқы түрме көрінісі. Бүк түсіп Жасын отыр. Есік ашылып, түрме қызметшісі офицер кіреді.

Офицер: Жасын Демесінов сізге байланысты қозғалған қылмысты іс тоқтатылды. Қазір анаңыз киіміңізді алып келеді, үйіңізге қайтасыз.

Жасын: Тоқтатылды...Қалайша рас па? Рахмет, қуаныштымын. Яғни Карлсон тірі қалған ғой.

Офицер: Осы аралықта ол кісі әрі-сәрі жағдайда жатты. Дегенмен жүрегі мықты екен, өзіне келісімен сені сұрапты. Кінәләмайтынын айтып,  іс қозғау туралы сөз болмайтынын жеткізіпті.

Жасын: Ол кісінің жүрегіндей жүрек ешкімде жоқ  екенін мен білетінмін.

Офицер: Балам енді бұл жерге қайтып оралмайтындай өмір сүр. Осы  айлар  сенің өміріңе нағыз сын болған шығар.

Жасын: Дұрыс айтасыз, ағай, т.е. офицер ...

Офицер: Сенің ауылың қылмыскерден алыс, сондықтан сен үшін шынымен ағамын. Анаңа рұқсат етейік.

(Офицер шығып кетеді, есіктен Құралай кіреді)

Құралай: Балам (бас салып құшақтайды) Жүдеп кетіпсің ғой. Құлыным кешірші мені, басыңнан не өтпеді, менің шарасыздығым болар ?

        Жасын: (Сұлық ) Мама мен де сені әбден сағындым. Мені де кешіре гөр.

        Құралай: Туған күнім болғанда саған айтып үлгермеген сюрпризім бар. Мен күйеуге шықтым.

        Жасын: Күйеуге?

        Құралай: Иә Қожабекке...

        Жасын: (Шошып, таңданып) Қожабегі кім тағы ?

        Құралай: (Күлімсіреп) Айтпақшы сен оны танымайды екенсің ғой?

        Құралай: Қожабек кіре бер...

        Қожабек: (Кіреді Жасынға қарап қалған). Балам...

        Жасын: Әке ? Әке ? (Эхомен беріледі)

        (Әке туралы әннің музыкасы кетеді)

 

        (Үшеуі құшақтасып  қалады. Қожабек пен Жасынның жылап тұрғаны селкілдеген иығынан білініп тұрады)