V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталды

Ұ

лттық спорт бәсекесі 14 қыркүйекке дейін жалғасады

Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты. Президент Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты.

«Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан мен Қырғызстан Президенттері мен Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы, Саха Республикасының басшысы және Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған қатысты. Сондай-ақ халықарлық ұйымдардың басшылары төбе көрсетті. Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азия мен Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан спортшылар келді.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары көк байрағымызды алып шықты. Кешегі Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанаты әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл тарихи сәт Париждегі олимпиада ойындарының ашылу салтанатынан артық болмаса, кем түспеді деп жарыса жазып жатыр. Иә, атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 30 мың көрермен болып, керемет шоуды тамашаладық. Әсіресе көшпенді тарихымыз бен мәдениетімізді бейнелейтін қойылымдар өте ұнады. Кешегі эмоция, мотивациямен көшпенділер ойыны бүгінде қызып жатыр. V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Төрт құрлықтағы төрт мыңнан астам спортшының басын қосқан дүбірлі дода «Астана Арена» стадионында ашылды. Алдымен, қазақ халқының туы мен әнұранына құрмет көрсетілді. Кейін қатысушы мемлекеттерді шеруі өтті. Көшті сайыстың негізін қалаушы әрі басты фаворит Қырғызстан Республикасы бастады. Ал шеруді этникалық роктың сүймелдеуімен, ұзын-сонар қатарға тізілген Қазақстан спортшылары аяқтады. Жарысқа қатысушылар спорттың 20 түрінен бақ сынасады. Бес нысанда 110 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Салтанатты шараға келген мәртебелі меймандар сайыстың салмағын арттыра түсті. Президент алдымен құрметті қонақтарға алғысын айтып, сөзін түркі жұртының бірлігінен бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет. Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі.

 Ашылу салтанатының ауқымы таңғаларлық. Ұйымдастырушылар ұлттық спортты ұлықтады, өзге құндылықтарды да ұмытпады. Саханада жаһанның, жердің жаралуы көрсетіле отырып, көшпелі халықтардың өркениетке қосқан үлесі суреттелді. Қыран құс, қумай тазы һәм еңселі батырлар қайта жаңғырған «Астана Арена» стадионындағы сахнаның көркін кіргізді. Сонау Ғұн империясының тарихынан бастап Алтын Орда одан әрі Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі уақыт баяндалды. Осылайша, кең ауқымды салтанатты жиын ән-би ғана қамтылған думанды кеш емес, астары мол ұлы дүниеге ұласты. Жер ананы қадірлеу һәм қастерлеуді негізге алған ұйымдастырушылар сахнаға алып аэростатты алып шықты.

Фото Ақорда.

Ұлттық спорт бәсекесі 14 қыркүйекке дейін жалғасады. Спортшылар арасындағы бәсекелестік, талас-тартыс қызу.  Әсіресе, қазақ-қырғыз арасындағы бәсеке көптің назарында.

 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын отандық 7 арна тікелей эфирде көрсетті. Бұған қоса Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық «Мир», «Мир 24», Түркия, Ресей, Татарстан, Өзбекстан мен Түркіменстанның мемлекеттік арналары хабар таратты. Мұндай ауқым бұрын-соңды болмаған. Демек, қазақ жерінде өткен сайысқа қызығушылық жоғары.

Материал 24.kz сайтынан алынды.