Кішкентай оқырманы көп кітапхана

К

ітапханаға өзі сұранып, сағаттап кітап оқитын балалар көбейген

pexels.com

Кітапханаға өзі сұранып, сағаттап кітап оқитын балалар көбейген. Сенбессіз. Бірақ Астанадағы №5 кітапхана күнде кішкентай оқырманға толы. Бірі көркем әдебиет оқыса, енді бірі тарихи дерекке қанығып, энциклопедия ақтарады, деп хабарлады Қазақстан ұлттық арнасы. 

Төрт баланың анасы Диана Жүсіпәлі ұлдарын аптасына үш рет кітапханаға алып келеді. 1 жасар кенжесімен ертегі парақтап, 11-дегі үлкенімен оқығанын талқылайды.

Диана Жүсіпәлі, көпбалалы ана:

Ұлдарым бастапқыда туған күнге сыйлыққа ақша, ойыншық сұрайтын. Ал енді соңғы кездері кітап сұрайтын болған. Сол мені өте қуантады.

Диана ұлдарымен кітапханада сағаттап жүрсе, кей ата-аналар тіпті жұмысқа кетерде балаларын кітапханашыларға тапсырып кетеді екен.

Тек түсірілім кезінде осындай 10 шақты ата-ана келді. Бәрінің айтқаны: бала осында келуге асығып тұрады. Гаджеттен бас алмайтын қазіргінің балаларын бұл кітапхана қалай баурап алды?

Гүлбадан Сақтапқызы, кітапханашы:

Бұл жерде кітапханашының рөлі зор. Баламен бірінші сөйлесу керек. Ішкі дүниесін білу керек. Біз кітапханашыларды психологтар дейміз.

Кітапханашылардың айтуынша, ата-ана тұрақты түрде әкеліп тұрса, мүлде қызығушылығы жоқ деген баланың өзінде кітапқа құштарлық оянады. Бұл жеткіншектің қай салаға икемді екенін анықтауға да көмек береді. Өйткені, кез келген бала кітапханаға кірген бетте өзіне ұнайтын кітапқа ұмтылады. Мәселен, энциклопедиялар қызықтырса, келешекте тарихшы не археолог болуы әбден мүмкін.

Жанель Нұрболатқызы, тілші:

Кітап - ілімге ұмтылғанға таусылмас қазына. Сол рухани байлыққа ерте жастан баулу маңызды. Өйткені ата-ана соған ынта танытпаса, телефонға телмірген балаға ықылас қонбайтыны анық.

Ең таңдаулы 100 кітап анықталады

Еске салайық, төл әдебиетіміздегі танымал 100 туындыны анықтауға арналған жалпыұлттық сауалнама жүріп жатыр. 

«100 кітап» ұлттық сауалнамасына қатысу үшін е-Gov Mobile қосымшасын жүктеп, порталға кіресіз. Басты бетте «Таңдаулы 100 кітапты бірге анықтайық!» деген батырманы басып, кітап ұсыну бетіне өте аласыз. Сол жерден өзіңізге ұнайтын 10 шығарманы енгізіп, «Дайын» батырмасын басыңыз. Сауалнама нәтижесі 10 тамыз - Абай күнінде жарияланады. Жобаның негізгі ақпараттық демеушісі – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы.