Алматы кітапханаларының мобильді қосымшасы іске қосылды
Ж
аңа қосымша кітапхана қызметтерін цифрлық форматта ыңғайлы түрде пайдалануға жол ашады.
Алматыда қалалық кітапханаларының мобильді қосымшасы ресми түрде іске қосылды.
Қосымша алғаш рет Наурыз мерекесіне орай өткен «KitapFest-2026» фестивалінде көпшілік назарына ұсынылған. Алматы әкімдігінің мәліметінше, жаңа қосымша кітапхана қызметтерін цифрлық форматта ыңғайлы түрде пайдалануға жол ашады, деп жазды kaz.inform.kz.
Енді оқырмандар оқырман билетін онлайн рәсімдеп, кітап қорымен қашықтан таныса алады. Сонымен қатар азаматтар өткізілетін іс-шаралар мен әдеби жаңалықтар туралы ақпарат алып отырады. Одан бөлек геолокация функциясы арқылы өзіне ең жақын кітапхананы оңай анықтай алады.
– Қосымша арқылы рәсімделген электрондық оқырман билеті барлық филиалда жарамды және өзін-өзі қызмет көрсету құрылғыларында қолдануға болады. Кітаптарды үйге жеткізу қызметі де мобильді қосымша арқылы қолжетімді. Бұл қызмет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін ұсынылып, олардың ақпаратқа тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді, - деп хабарлады әкімдіктен.
Бастапқыда тек Android жүйесінде қолжетімді болған сервисті 6 сәуірден бастап iOS операциялық жүйесін пайдаланушылар да қолдана алады.