1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

Б

ір шаңырақ астында түрлі ұлт пен этнос өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр.

Kazinform

1996 жылы Президент Жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні болып бекітілген, деп хабарлады Kazinform.

Жалпы, 1 мамырдың атаулы күн ретінде белгілену тарихына үңілсек, аса қуанышты жайттан басталмаған. Бұл күні 1856 жылы Аустралияда алғаш рет жұмысшылар ереуілі өтеді. Аустралиядан кейін оқиға АҚШ-тың Чикаго қаласында қайталанады, онда да өз құқықтарын қорғаған жұмысшылар шеруге шығады және бірнеше адам жарақат алып, қаза табады. Осы жағдайды еске алу және бүкіл әлемдегі жұмысшылармен ынтымақтастық белгісі ретінде 1 мамыр – жұмысшылардың ынтымақтастық күні ретінде аталып өте бастайды. Кеңес одағына кірген мемлекеттерде 1 мамыр мерекесінің ұраны - «Бейбітшілік, еңбек, мамыр» болды. 

Фото: «Казахстанская правда» газетінің мұрағатынан/В. Ваколкина 

       Ғасырлар бойы қазақ даласы түрлі мәдениет мен дәстүр тоғысқан ортаға айналды. Тарихи оқиғаларға байланысты XVIII ғасырдан бастап, Ресей империясынан қоныс аударған татарлар, орыстар, украиндер, немістер келе бастады. 1937 жылы Кеңес Одағы депортациялаған кәрістер, ал 1944 жылы – шешендер мен ингуштар Қазақстанға күштеп көшірілді. Бұл көш 1954 жылы басталған тың игеру жылдары жандана түсті. Тағдыр талқысымен түрлі ұлттың шаңырағына айналған Қазақстан жер-жаһанға бейбітшіліктің озық үлгісі ретінде танылды. Бейбітшілік демекші, әлемде геосаяси ахуал күрделеніп, қарулы қақтығыстар тыйылмай тұрған қазіргі уақытта бұл ұғым бұрынғыдан да өзекті бола түскендей.

Фото: Александр Павский/Kazinform  

            Биыл 20,3 миллион қазақстандық бұл мейрамды татулық пен достықтың белгісі ретінде атап өтеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Қазақстан халқының жалпы саны – 20 316 155 адам. Бір шаңырақ астында түрлі ұлт пен этнос өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр:

Қазақтар – 14 456 709
Орыстар – 2 963 938
Өзбектер – 678 487
Украиндар – 371 807
Ұйғырлар – 305 648
Немістер – 223 272
Татарлар – 218 926
Әзірбайжандар – 155 364
Кәрістер – 120 686
Түріктер – 91 732
Дүнгендер– 86 067
Беларустар – 74 389
Тәжіктер – 58 712
Күрдтер – 51 171
Қырғыздар – 40 200

Фото: Александр Павский/Kazinform  

        Айтулы мерекенің құрметіне бүгін елордада зияткерлік викториналар мен көрмелерден бастап түрлі концерттер мен жарыстарға дейін ондаған мәдени-спорттық іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Материал Kazinform  агенттігінен алынды.