Қолөнер - халық құндылығы

р

адам — өзінің ішкі әлемінің көшірмесі. Кім қалай ойласа, өзі де сондай

Өмірде “ Әр адам — өзінің ішкі әлемінің көшірмесі. Кім қалай ойласа, өзі де сондай” деген қағидат бар. Оңтүстік өнері мен мәдениетінің өн бойына қан жүгіртіп, тынымсыз еңбегімен көптің құрметіне бөленіп жүрген Бақтияр Әбілұлы Спанов сөзі мен ісі үйлесім тапқан сондай жандардың бірі, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы. 

Шымқаладағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығын басқаратын Бақтияр Әбілұлы күні кеше тағы бір игілікті іс-шараны ұйымдастырып, көптің көңілінен шықты. Еліміздің темірден түйін түйген айтулы шеберлерінің қатысуымен өткен “ Ұсталық өнер ғұрпы” атты этнотанымдық шараға қатысып, қызығушылық танытқандардың қарасы мол болды.

Бізді қызықтырған еліміздің түкпір-түкпіренен келген қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан қайталанбас туындылары еді. Қызылордалық темір ұстасы, зергер Бекзат Жақыпов қолөнер шеберлері облыстық одағының төрағасы екен. Олардың қолынан шыққан ұлттық нақышқа толы темір мен ағаштан, былғарыдан жасалған бұйымдар көздің жауын алады.

Фото Әбдімәлік Ағыбай. 

— Ұлтымызда “ Керей туса, ағашқа күн туады” деген қанатты сөз бар,— дейді Бекзат ұста.— Төртінші атам Өтеуіл ағаштың қыры мен сырын меңгерген айтулы ағаш ұстасы болған. Атадан балаға мирас болған сол өнерді жандандырып келе жатқан жайым бар.

Алматылық Дәулет Дәркембайұлы — атақты қолөнер шебері, көзі тірісінде аңыз адам атанған Дәркембай Шоқпарұлының ұлы екен. Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары “ Білім және еңбек” журналы мен республикалық газеттерде ұлттық өнер туралы тарихи, ғылыми-танымдық мақалаларымен танымал болған Дәркембай ағамыз туралы аз-кем тоқталып өтсек артықтық етпес.

Фото Әбдімәлік Ағыбай. 

Хош делік. Дәркембайдың әкесі Шоқпар Ерғожаұлы , оның тете інісі Алдамберді мен кенже інісі Ахмет ағайынды ұсталар. Олардың бәрі де қолөнерімен Жетісу өңіріне белгілі болған тұлғалар. Осындай өнерлі ортадан шыққан Дәркембай Шоқпарұлының ұсталығы атадан балаға дарыған қасиет. Халық шеберлері төс темірден шыққан дыбыстан-ақ шебердің қаншалықты шыңдалғанын байқап, бағасын берген. Балға соғу арқылы сазды ырғақ тудырып, иі қаныққан темірден әдемі бұйымдар жасаған. Дәркембай аға шоқтығы биік қолөнер шеберлерінің құпия сырын меңгерген бірегей тұлға болатын. Ол өмірінің соңына дейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында студенттерге дәріс оқудан қол үзген емес.

Фото Әбдімәлік Ағыбай. 

— Орта білімді Алматы қаласындағы жалғыз қазақ орта мектебінен алдым,— дейді Дәулет Дәркембайұлы бізбен әңгімесінде. — Мектеп бітірер жылы әкем қандай мамандықты таңдайтынымды сұрады. Әке жолын қуып, қолөнер шебері болатынымды жеткіздім. Сол уақыттан бастап, қол астындағы шәкірттеріне маған сурет салудың қарапайым тәсілдерін үйретуді тапсырды. Нәтижесінде мектеп бітіре салып, Алматыдағы көркем-сурет оқу орнына оқуға түсіп кеттім.

Фото Әбдімәлік Ағыбай. 

— Әкеңіз елге танымал азамат еді. Сол кездерде тұрмыс-жағдайларыңыз қандай болды?

— Біз алғашқыда екі бөлмелі аядай ғана қоржын үйде тұрдық. Бірде қала әкімі Заманбек Нұрқаділов үй кезегіндегі адамдардың тізімімен танысып отырып, біздің әкеміздің аты-жөнін кезіктіреді. Әкемізбен бұрын аралас-құраласы жоқ, сырттай таныс болса да қала әкімі қол астындағы қызметкерлеріне 25 жылдан бері үй кезегінде тұрған танымал өнер адамына кезектен тыс 5 бөлмелі пәтер беруді тапсырады. Осылайша, темірден қамыр илеп, ағаштан түйін түйген әкеміздің қолы ұзарып, ел аралап, тірнектеп жинаған 5 мыңнан астам ұлттық қолөнер туындыларын өз үйінде сақтауға, бір-екі бөлмесін мұражайға айналдыруға мүмкіндік алады.

— Өмірінің соңғы жылдарын туған ауылында өткізіпті…

— Сұрағыңызды түсіндім. 1996 жылы туған ауылы — Ақшиға көштік. Ондағы мақсаты — қолөнер мектебін ашып, оған икемі бар жастарды молынан тарту болатын. 2006 жылы 20 мамырда әкеміз дүниеден озды. Шілде айында өткен 40 күндік асына облыс әкімі Серік Үмбетов арнайы келіп, хал- жайымызды білді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыс әкіміне әкеміздің мұражай ашу арманын жеткіздім. Ол кісі менің қойған сауалымды мұқият тыңдап, қағазға түсіріп, жәрдем беруге уәде етті. Облыс әкімі кіріскен соң мәселе тез шешіле салады деп ойладым. Бір ай күттім, екі ай, үшінші ай тағы күттім. Облыс жақтан ешқандай хабар жоқ. Содан, желтоқсан айында облыс әкімшілігінен телефон шалып, облыс орталығына келіп кетуімді хабарлап тұр. Ертесіне ертемен Талдықорғанға жетсем облыс әкімі келесі жылға бюджеттен 33 млн. теңге қаржы бөліп, “ Ұста Дәркембай атындағы тарихи қолөнер музей-үйі” ашылсын деп, шешім шығарып қойыпты. Осылайша, Ақшидағы үйімізді 6 залдан тұратын заман талабына сай мұражайға айналдырып, жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.

Фото Әбдімәлік Ағыбай. 

— Қолөнер ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі, халық мәдениетінің айнасы. Ол талай ғасырлар кезеңінен өтіп, түрленіп, жаңарып келіп, атадан балаға мұра ретінде бізге жеткен дәстүрлі де қастерлі өнер,— деп жазған кезінде Дәркембай Шоқпарұлы. Оған өзінің ізін жалғап, өнерін өшірмей ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ұлы Дәулет Дәркембайұлының бүгінгі жеткен жетістіктері мен атқарып жатқан игілікті істері дәлел.

Фото Әбдімәлік Ағыбай. 

ҚР Мәдениет қайраткері Бақтияр Спанов жетекшілік ететін Әдет-ғұрып және салт- дәстүр орталығының ұйымдастыруымен ескі шаһардағы Шымқала тарихи-мәдени кешенінде өткен “ Ұсталық өнер ғұрпы” атты этнотанымдық іс-шарасынан алған әсеріміз мол болды. Алқалы жиынның жоғары деңгейде өтуіне басқосудың тізгінін ұстаған Салт-дәстүр орталығының бөлім меңгерушісі, азулы айтыскер ақын Нұрлан Есенқұловтың да еңбегі зор. Марапат барысында атадан балаға мирас болып келе жатқан ұсталық жолды таңдаған мектеп оқушысы Ерасыл Серікбайдың да еңбегі жоғары бағаланды. Жас перінің атақты аталарының ақ батасын алғаны да жарасым тауып жатты.

Сол күні жиын соңында алыстан ат арылтып келген қонақтар қазақ қолөнерінің қас шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, шымкенттік Болат Бейісбековтың жеке шеберханасының жұмысымен танысты. Тәжірибе алмасып, оңтүстіктің меймандостық пейіліне куә болды.

Фото Әбдімәлік Ағыбай. 

Фото Әбдімәлік Ағыбай. 

Фото Әбдімәлік Ағыбай. 

Әбдімәлік Ағыбай, Шымкент қаласы, 24.08.2004 ж.