Қазақ поэзиясына не жетсіпейді?
Ж
үректен шыққан шынайы жырлар жүрекке жетеді

Өлең демекші, бұрын біз ұнаған өлеңді кітаптан дәптерге көшіріп алып, бойға сіңіретін едік,деп жазды 24.kz
Абай, Қасым, Мұқағалиды жаттап өстік. Қой қайырсақ та, көлікте келе жатсақ та өлең оқып, ән шырқайтын қазақ аз емес-ау?! Қазір мүмкіндік тіптен көп. Телефонды аш та керегін оқи бер.
Шәміл Несіпбай әлеуметтік желіде оқырман ғана емес, көрермен жиып, өнеріне тәнті етіп жүрген жас қаламгер. Оның Тик Токта өлең оқыған бейнежазбаларының әрқайсысы қызу талқыға түсіп, жұртшылықтың жылы лебізіне бөленіп жүр. Жүрегінен шыққан шынайы жырларын ара-тұра әлеуметтік желіге салып қоятыны болмаса, жеке жинағы жарық көрмеген.
Шәміл Несіпбай, жас ақын: - Ақындарға қойылатын шектеу жоқ. Өзі қалаған өлеңің, өзіңе ұнайтын өлеңің дүйім жұртқа тарата алады. Сондықтан бұл поэзияның өлмеуіне, өзіңің кейпін жоғалтпауға бірден бір септігін тигізеді. 21 ғасырдың ақындарының маңдайына біткен бақ деп білемін.
Иә, әлеуметтік желінің мүмкіндігі мол. Ақтоғайлық Нұрдос Кәрім ауылда жүріп-ақ, алты ауыз сөзді, алты Алашқа жеткізеді. Фейсбук арқылы орамды ойларымен оқырманның көңілінен шығып жүрген ақын.
Нұрдос Кәрім, «Qalamger» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: - Қарағанды облысында жыл сайын поэзия кеші өтіп тұрады. Ол жерде енді өсіп келе жатқан ақындарды таныстырып, олардың кітабын шығарып беру, қолдау көрсету жағы қарастырылған. Өлең деген үрдісі ерекше. Сондықтан ауылда жатып та қазақ поэзиясына, қазақ әдебиетіне өзіндік үлес қосуға болады деп ойлаймын.
Иә, сөз өнері қазаққа жат емес. Бүгінгі ақындардың қаузамаған тақырыбы жоқ. Алайда 20 ғасырдың ортасында шарықтау шегіне жеткен поэзияның кейбір жанрлары бүгінде кенжелеп қалған.
Нұржан Қуантайұлы, жазушы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: - Қазіргі қазақ поэзиясының дамуы жаман емес. Бірақ бір кемшілік бар. Қазіргі қазақ поэзиясында баллада жанры жоқ. Баллада деңгейі 60-70 жылдары биік деңгейде болды. 90-жылдары жоғалды. Жоғалған күйі жоғалып, қайта көтеру қиын болып жатыр. Бұған үлкен поэтикалық дарын керек. Талант керек әрине мектеп керек. Сол мектепті игермей баллада жанры жазылмайды. Өкіншке қарай біздің қазіргі жақсы ақындар баллада жанрын игермей жатыр. Игере алмай жатыр деп айта алмаймын, таланттары бар. Оқу керек, үйрену керек, Баллада жанры содан кейін поэма жанры да өте төмен деңгейде.
Бәлкім қазақ әдебиетінің ренессансы алда болар. Буырқанған, бұрқанған сәтін де көрерміз. Баллада, поэма да жазылар. Бірақ ол үшін ақындарға үлкен ізденіс керек. Талант пен еңбек ұштасуға тиіс. Бұл арада кейінгі буын алдыңғы толқынға қарап бой түзесе, қане! Аға буын солай дейді.