Қазақ кітаптары араб тіліне аударылады

А

раб елдерінде қазақ әдебиетіне қызығушылық артып келеді.

pexels.com

Араб елдерінде қазақ әдебиетіне қызығушылық артып келеді. Мұндай үрдіс рухани байланыстың тереңдей түсуіне септігін тигізіп жатыр, деп хабарлады 24.kz.

Алдағы уақытта екі елдің ақын-жазушылары аударма ісін ілгерілетпек ниетте. Яғни қазақ  қаламгерлерінің шығармалары арабшаға тәржімаланса, Таяу Шығыс нарығында кең танылған туындылар төл тілімізде жарық көрмек.

Таяу Шығыс әлеміне ортақ бірден бір ғұлама Ибн Сина болса, қазақ жерін дүниежүзіне танытқан ғалымдар шоғырын Әл Фараби бастап тұр. Әйгілі ілім иелері жүріп өткен жол халықтар арасын жақындата түсетін жіпсіз байланыс іспеттес. Әмірліктерде жыл сайын өткізілетін ауқымды кітап көрмесінде бұл жайт ескерусіз қалған емес. Әрі сол рухани тамырластыққа әдеби агенттер тың серпін беріп келеді.

Баян Қабылаш, мәдени қор жетекшісі: - Араб елдері бізге өте үлкен қызығушылықта. Құрметпен қарайды. Себебі біздегі мәдени құндылықтарымызды бағалайды. Біз Қазақстан тарапынан және Орталық Азия елдерінің аударма байланысын арттыруға күш салып жатырмыз. Бірқатар іс-шаралар өтті.Үлкен түрде кішкентай түрде, Орта Азия сессиясын өткіздік.

Қазақстанның «Ұлттық кітап» байқауында жеңіске жеткен туындылар Әбу Даби апталығында жоғары бағасын алды. Мамандардың айтуынша, қай- қайсы да ішкі мазмұны жағынан озық. Тек араб жұрты ғана емес, Оңтүстік Азия елдерінен қызығушылық танытқандар бар.

Уеда Кетуа, Индонезия қаламгерлері қауымдастығының өкілі: - Қазақстанмен кітап саласында байланыс пайда болды. Баспалардың жұмысы көңілден шықты. Сіздерде шығып жатқан кітаптар өте қызықты дер едім. Мен балалар әдебиетіне арналған туындыларды аудару мүмкіндігін қарастырдым.

Жалпы араб әлемінде қазақы құндылықтарға деген құрмет ерекше. Бай мәдениетімізбен жақын танысам деушілердің қарасы қалың. Айталық, Шам елінен келгендер Әл Фараби және Сұлтан Бейбарыс жайлы жиі әңгіме қозғайды. Білген-түйгендерін ортаға салады. Тарихи шығармалардың ағылшын немесе араб тіліндегі нұсқасы болса, оқып -танысуға асық.

Омар Әл Таим, қолөнер шебері: - Қазақстандық қаламгерлермен жақын жұмыс істегім келеді. Бәлкім бірге коллабарация жасармыз. Бізді байланыстыратын ұқсас құндылық көп. Мен білетін қазақ елі тылсым тарихқа бай.

Биылғы көрмеде қазақ шығармаларын шет тілдерге аударуға ерекше екпін жасалды. Әмірліктер тарапы осы мақсатқа грант бөліп, қолдау көрсетуге әзір. Қазақстандағы мәдени қор жетекшілері де ынтымақтастықты ілгерілетіп, тиісті жобаны жүзеге асырмақ ниетте. Сол арқылы қазақ қаламгерлерінің туындылары әлем тілдеріне аударыла бастайды.