Қазақ фильмдері миллиардтаған касса жинады

2

024 жылы отандық кино рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді

pixabay.com

2024 жыл отандық киноөндірушілер үшін табысты болмақ. Биыл прокатқа отандық 90 кино прокатқа шықты. Бұл туралы XVII «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің ресми баспасөз конференциясы барысында актер, кинотанушы, «Еуразия» кинофестивалінің штаб жетекшісі Кәрім Қадырбаев айтты, деп жазды kaz.inform.kz.

Спикердің сөзінше, 2024 жылы отандық кино рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді.

«Биыл қазақстандық 90 фильм ұлттық прокатқа шықты, бұл рекордтық көрсеткіш. Былтыр 60 кино болған. Бұл картиналар саны бір жарым есе өсті деген сөз. Кассадан түскен түсімдер айтарлықтай, осы жылы алты фильм миллиард теңгеден астам касса жинады. Соңғыларының бірі — Заманback фильмі. Біз жеке киноөндіріс компанияларында талантты, белсенді жастар бар екенін көріп отырмыз. Бұдан бөлек, веб-сериалдардың да саны артқан. Бұл керемет. Қазақ киносы жан-жақты дамып, сан алуан жанр пайда болып жатыр деп ойлаймын. Егер бұрын тек комедиялар басым болса, қазір кинотеатрларда көрермендерді жинайтын драмалар мен қорқынышты фильмдер шығып жатқанын көріп отырмыз», — деді ол.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы президентінің міндетін атқарушы директоры Айдар Омаров киножобаларды қаржыландырылуы туралы айтты.

«Біз кинопрокатқа жеке инвестициялардың басым екенін байқап отырмыз. Бұл киноиндустрияда оң динамика бар екенін көрсетеді. Кәсіпкерлер бұл салаға инвестиция салуға дайын, яғни киноиндустрия жұмыс істеп, дивиденд әкеліп жатыр», — деп қосты Айдар Омаров.